Электрмен жабдықтау желілеріне қосылу процедурасы жөнінде

Официально

Қазақстанда бизнес үшін электрмен жабдықтау желілеріне қосылу шарттарын жақсартуға бағытталған реформалар жүргізілді, сондай-ақ электр энергетикасы саласындағы заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Мысалы, электрмен жабдықтау желілеріне қосылуға арналған техникалық шарт беру мерзімі, сондай-ақ электрмен жабдықтауға арналған келісім-шарт жасау мерзімдері айтарлықтай қысқартылды.

Электр энергиясын пайдалану Ережелеріне енгізілген өзгертулерге сәйкес энергия тасымалдаушы немесе энергия өндіруші ұйым тұтынушыдан өтінім алған соң, жаңадан қосылған немесе қайта қалпына келтірілетін электр құрылғыларын қосуға (техникалық мүмкіндік бар болса) техникалық шартта мына мерзім ішінде береді: қуаты 200 кВт-қа дейінгі - 5 жұмыс күні ішінде; қуаты 200 – ден 1000 кВт-қа дейінгі – 10 жұмыс күні ішінде; қуаты 1000 кВт – тан жоғары 15 жұмыс күні ішінде. Техникалық шартты қайта рәсімдегені үшін төлемақы алынбайды.

Барлық құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталғаннан кейін, электр қондырғылары пайдалануға енгізілгенге дейін энергия беруші ұйым қатысуымен қабылдау-тапсыру сынағынан өтеді және тұтынушы оны құрылыс-монтаждау ұйымынан еркін нысандағы акт бойынша қабылдайды.

Қабылдау-тапсыру сынақтары кезінде энергия беруші ұйым сыртқы қосылуды және электр энергиясын коммерциялық есепке алу жүйесін қарап-тексеруді жүзеге асырады және қабылдау-тапсыру сынағы жүргізілген күннен 1 жұмыс күнінен кешіктірмей тұтынушыға тұтынушыны электр желілеріне қосу схемасымен электр желілерінің теңгерімдік тиесілігін және тараптардың пайдалану жауапкершілігін ажырату актісін береді.

Жоғарыда айтылған барлық рәсімдерді аяқтағаннан кейін, тұтынушы элеткрмен жабдықтау шартын жасау мақсатында, энергиямен жабдықтаушы ұйымға келесі құжаттарды береді: 1) тұтынушының электр желілерінің теңгерімдік тиесілігін және тараптардың пайдалану жауапкершілігін ажырату актісі; 2) электр энергиясының коммерциялық есепке алу жүйесін қабылдау актісі; 3) мемлекеттік тіркеу туралы анықтаманың көшірмесі (заңды тұлғалар үшін), мемлекеттік электронды тіркелімнен үзінді көшірмелер, рұқсаттар мен хабарламалар (жеке кәсіпкерлер үшін); 4) жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар туралы анықтама немесе электрмен жабдықтау объектісіне құқық белгілейтін құжат; 5) ұйымның бірінші басшысын (заңды тұлғалар және дара кәсіпкерлер үшін) қоспағанда, жеке басын куәландыратын құжатты қоса ұсынып, электрмен жабдықтау шартына қол қоюға уәкілеттік берілетін адамға бұйрық (сенімхат); 6) көппәтерлі құрылыстарда тұратын тұрмыстық тұтынушыларды қоспағанда техникалық шарттардың (бар болған жағдайда) көшірмесі; 7) жеке басын куәландыратын құжаты (жеке тұлғалар үшін); 8) дербес деректерді жинауға және өңдеуге жазбаша келісім; 9) тұрғын үй-жайға (үйге, пәтерге) – тіркелген адамдар санын растайтын құжаттар.

Энергиямен жабдықтаушы ұйым құжаттарды қабылдаған күннен кейінгі 1 жұмыс күнінен кешіктірмей энергия беруші ұйым тиісті хабарлама жібереді, содан кейін, энергия беруші ұйым 3 жұмыс күнінен кешіктірмей: электр энергиясын коммерциялық есепке алу жүйесін пломбалауды жүргізеді; электр энергиясын коммерциялық есепке алу жүйесін қабылдау актісін ресімдейді; электр энергиясын коммерциялық есепке алу жүйесін қабылдау актісінің көшірмесін энергиямен жабдықтаушы ұйымға жібереді; тұтынушының электр қондырғысына кернеу беруді жүзеге асырады. Энергиямен жабдықтаушы ұйым энергия беруші ұйымнан электр энергиясын коммерциялық есепке алу жүйесін қабылдау актісінің көшірмесін алған күннен кейінгі 1 жұмыс күнінен кешіктірмей тұтынушыға электрмен жабдықтауға қол қойылған шартты пошта арқылы немесе өзге тәсілмен жібереді.

Энергия беруші және энергиямен жабдықтаушы ұйымдарымен электрмен жабдықтау желілеріне қосылу тәртібін және мерзімдерін бұзған жағдайда, тұтынушылар олардың іс-әрекеті (әрекетсіздігі) жөнінде «Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша аумақтық департаменті» ММ, Өскемен қаласы, Сатпаев даңғылы 64, 308 кеңседе орналасқан мекен-жайына шағымдануға болады.